Жануарларда рентген сәулеленуіне ұшырауды көрсететін ықтимал биомаркер ретінде қан плазмасындағы митохондриялық ДНҚ көшірме саны
DOI:
https://doi.org/10.62687/106r0a02Кілт сөздер:
иондаушы сәулелену, рентген, айналымдағы митохондриялық ДНҚ (cf mtDNA), биомаркер.Аңдатпа
Иондаушы сәулеленудің тірі ағзаларға зиянды әсері – Қазақстанды қоса алғанда, көптеген елдер үшін
өзекті мәселе болып табылады. Зерттеудің маңыздылығы Қазақстанның кейбір аймақтарында, әсіресе уран
кен орындарына бай өңірлер мен бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының аумағында ұзақ уақыт бойы
ыдырамайтын радиоактивті изотоптардың болуына байланысты, радиациялық фон деңгейінің жоғары
болуымен түсіндіріледі. Сонымен қатар, медицина саласындағы кәсіби сәулелену адам денсаулығына елеулі
әсер етуі мүмкін. Физикалық дозиметрлер жеке зақымдану деңгейін дәл бағалауда шектеулі мүмкіндіктерге
ие болғандықтан, радиобиологиядағы негізгі міндеттердің бірі – жеке радиорезистенттіліктің биомаркерлерін
іздеу болып табылады. Бұл зерттеудің мақсаты – иондаушы сәулеленудің (рентген) айналымдағы
митохондриялық ДНҚ деңгейіне әсерін зерттеу. Рентген сәулесіне ұшыраған егеуқұйрықтардан қан плазмасы
үлгілері алынды. Митохондриялық ДНҚ көшірмелерінің санын анықтау үшін нақты уақыт режиміндегі
сандық полимеразды тізбекті реакция (qPCR) әдісі қолданылды. Нәтижесінде, сәулеленген
егеуқұйрықтардың қан плазмасындағы айналымдағы митохондриялық ДНҚ көшірме саны (4.51×10⁷
copies/mL) бақылау тобымен (1.67×10⁷ copies/mL) салыстырғанда 2.7 есе жоғары екені анықталды. Алынған
нәтижелер айналымдағы митохондриялық ДНҚ-ның рентген сәулеленуін бағалауға арналған биомаркер
ретінде әлеуеті бар екенін көрсетеді.