ОРТАҒАСЫРЛАРДАҒЫ ӘДЕБИ ЖАЗБА МҰРАЛАР
Аңдатпа
Ежелгі дәуір әдебиетінің кезеңдері әдебиеттану ғылымының негізгі саласы – әдебиет тарихымен айқындалады. Ғылыми зерттеуімізде әр дәуірдегі әдебиеттің қалыптасуынан, дамуынан, әдебиеттің негізгі бастауы болған әдеби жазба мұралардың жанрлық, көркемдік сипаттары хронология тұрғысын жүйеленіп, шығармалардың жазылу тарихы мен авторларының өмірбаянынан, ғұламалардың өмір сүрген дәуірлерінен толық мәліметтер ұсынылады. Әдебиет тарихының кезеңдерімен ежелгі дәуір әдебиетінің қалыптасуы төмендегідей қарастырылды. 1.Ежелгі дәуір әдебиетінің VIІ-IX ғасырлардағы жазба ескерткіштері қатарында Орхон жазба ескерткіштері, Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк жырлары, "Оғызнаме" дастаны, "Қорқыт ата кітабы", Әл-Фарабидің әдеби мұралары сақ, ғұн, үйсін дәуірлеріндегі шығармалардың үздік үлгілері. 2.X-XII ғасырларда түркі халықтарының рухани құндылығын айқын танытқан Ислам дәуірінің әдебиетінде Ж.Баласағұнның "Құтты білік" дидактикалық дастаны, М.Қашқаридің "Түркі тілдерінің сөздігі" мұрасы, Қ.А.Ясауидің "Даналық кітабы" өлеңдер жинағы, А.Иүгінекидің "Ақиқат сыйы" жыр жинағы, С.Бақырғанидің "Бақырғани кітабы", "Хакім ата", "Әулие Мария" өлеңдері түркі халықтары әдебиетінің қалыптасу, даму, кемелдену кезеңдерін өркендеткен әдеби мұралар. Ойшылдардың түркі халықтарын ізгілікке, имандылыққа үндеген, X-XII ғасырлардағы Ислам дінінің рухани құндылықтарын насихаттаған киелі кітаптары. 3.XIII-XIV ғасырлардағы Алтын Орда-қыпшақ дәуір әдебиет «Қыпшақ тілінің сөздігімен», Хорезми «Мұхаббатнамесімен», Н.Рабғузи «Рабғузи қиссаларымен», С.Сарай «Түрікше Гүлістанымен», Құтб «Хұсырау-Шырынымен» ерекшеленеді. Алтын Орда дәуірінде түркі әдеби тілінің негізінде жазылған құнды тарихи мұралар, шежіре-кітаптар Алтын Орда дәуір әдебиетнің озық үлгілерін қалыптастырды. XIII-XIV ғасырлардағы Алтын Орда-қыпшақ дәуір әдебиетінде «Қыпшақтар» кітабы, М.Хорезми, Н.Рабғузидің, С.Сарайдың, Құтбтың жазбалары, қиссалары, дастандары, әдеби мұралары мазмұн тереңділігімен айқындалды.
Ғылыми мақалада ежелгі дәуір әдебиетінің тарихы VI-IX ғасырлардағы көне түркі жазба ескерткіштері, X-XII ғасырлардағы Ислам дәуірінінің әдеби мұралары, XIII-XIV ғасырлардағы Алтын Орда-Қыпшақ дәуірінің әдеби-тарихи туындылары архивтің дерек көздерімен сараланып, ойшыл-ғұламалардың, ақындардың әдеби жазба мұралары тұтас қамтылған. Ежелгі әдебиеттің қалыптасу, даму, өркендеу жолдарында VI-XIV ғасырлардың әдеби-тарихи мұраларын зерттеген Б.Кенжебаев, Н.Келімбетов, Қ.Өмірәлиев, А.Қыраубаева, Ә.Қоңыратбаев, Х.Сүйіншәлиев, Ә.Дербісәлиев т.б. зиялы ғалымдардың ғылыми-зерттеу еңбектері басшылыққа алынған. Ғылыми тың зерттеулермен ежелгі дәуірдегі әдеби жазба мұралардың тақырыбы мен идеялығы талданып, көркемділігі айқындалған. Кеңес дәуірінде зерттелген еңбектермен бірге тәуелсіздік кезеңіндегі ғылыми еңбектер енгізілген.